28 Ақпан 2020
248

«Тиімді жоспарлау. Бірлескен жұмыс. Табысты нәтиже» атты аудандық семинар өткізілді

Мақат аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес 2020 жылдың 27 ақпан күні Х.Санбаев атындағы орта мектебінің базасында «Тиімді жоспарлау. Бірлескен жұмыс. Табысты нәтиже» атты аудандық  семинар өткізілді.

Аталған шараға ауданның білім беру ұйымдарындағы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдері қатысты. Семинардың  мақсаты: білім сапасын арттыру жолдарын бірлесіп шешу, талқылау және іс-тәжірибе алмасу.

Семинар барысында педагогтар жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы ашық сабақтарға қатысты. Х.Санбаев атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі С.Саликова педагогтар іс-тәжірибелерінде қолдануға мүмкін болатын оқытудың белсенді әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, 8 сыныпқа геометрия пәнінен «Трапецияның ауданын табуға есептер  шығару» тақырыбында ашық сабақ өткізсе, информатика пәнінің мұғалімдері Н.Өтешова мен Ж.Шыныбекова 9 сынып оқушыларымен информатика пәнінен «Екі өлшемді массив» тақырыбындағы командалық сабағын АКТ мүмкіндіктерін қолданып  өткізді.

Келесі кезекте, Х.Санбаев  атындағы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Н.Құрманғазиева  10-сыныбына «Эволюцияның  дәлелдемелері»  атты ашық сабағын өткізді. Аталған мектептің тәжірибелі мұғалімдер тобынан құрылған зерттеу тобы Н.Құрманғазиеваның ашық сабағын Lesson Study (сабақты зерттеу) тәсілі арқылы талдады.

Өткізілген  сабақтардың   педагогтарға  әдістемелік жағынан тигізер пайдасы зор болды. Сонымен қатар,  жас маман А.Қамзина және оның тәлімгері Г.Жалтаеваның 4-сыныпқа жаратылыстану пәнінен өткізген «Металдар қандай болады?» атты ашық  сабағында оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға болатынын дәлелдеді.

Сонымен қатар Х.Санбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Н.Қаржауова қатысушыларға «Білім сапасын арттырудағы кедергілер және оны шешу жолдары» атты шебер сынып өткізіп, педагогтар өз ойларын ортаға салды. Шебер сынып соңында «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісімен ұстаздар семинардан алған ақпараттарын жазып кері байланыс жасады. Кері байланыс кезінде ұстаздар білім сапасын арттырудағы  кедергілерді шешу жолдарын, сабақта нақты мақсат қоюды, оқытудың әдіс-тәсілдерін таңдауда, бағалаудың түрлерін дұрыс ұйымдастыру жолында әдістемелік көмек алғандықтарын, келешекте өздерінің еңбек жолында тиімді пайдаланатындықтарын айтып, алғыс білдірді.

Семинар соңында аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі И.Жумабаева тиімді жоспарлау, бірлесіп жұмыс істеу арқылы табысты нәтижеге жетуге болатынын айта отырып, ұстаздардың еңбек жолына сәттілік тіледі.